Шымкент қаласындағы «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде ұлттық тағам мәдениетін ұлықтауға арналған «Дән мен дәм FEST» гастрономиялық фестивалі өтті. Ұйымдастырушысы – Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы.
Бұл күні «Шымқала» кешені қазақы рухқа бөленді. Кіреберістен бастап домбыраның қоңыр үні естіліп, жібек кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар, шапан жамылған ақсақалдар, ұлттық киімдегі жастар ерекше әсерлі көрініс сыйлады. Қонақтар этноауылдың шынайы бейнесін тамашалап, қазан асқан ошақтың қасында бұрқыраған дәм иісін сезіп, өткен дәуірдің тынысын кешкендей күйге бөленді.
Фестивальдің басты мақсаты – ұмыт болған ұлттық тағам түрлерін қайта жаңғырту, ас дайындаудың дәстүрлі әдістерін ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде насихаттау. Шара барысында 15 түрлі ұлттық тағам әзірленді. Әр тағамның жасалу тәсілі мен тарихы туралы кеңінен айтылды. Үлпершек, өрметөстік, сый табақ, дән көже, жұқпа, құрт көже, талқан секілді дәстүрлі тағамдар қонақтарға ұсынылды. Қатысушылар күбі пісу, май шайқау, келі түю, бидай мен жүгері қуыру, диірмен тарту, таба пісіру сияқты көне тұрмыс көріністерін тамашалады. Бұл көріністер ұлттық өмірдің мәнін, тіршіліктің табиғи үйлесімін көрсетіп, ұлт болмысының тамыры тереңде жатқанын айқындады.
Жалпы бұл шараға 20-дан астам этноорталық пен мәдени бірлестік, 10-ға жуық оқу орнының өкілдері, жергілікті тұрғындар және шетелдік меймандар қатысты. Жалпы саны 500-ден астам адамды қамтыған шара қазақ халқының ұлттық тағам дәстүрі мен тұрмыс мәдениетінің бай мұрасына куә болды.
Сондай-ақ, фестивальдің ерекше бөлігі – ас дайындау шеберлік сағаты. Ақ жаулықты әжелеріміз ұлттық тағам түрлерін жасап, қонақтарға дәмнің дайындалу жолын ғана емес, оның мағынасын да түсіндірді. Әр тағамның өз дәуіріне тән мәні, наным-сенімі, құрмет көрсету мәдениеті бар. Мысалы, үлпершек – сыйластықтың, өрметөстік – батырлықтың, ал дән көже – молшылық пен бірліктің нышаны.
Фестиваль барысында 500 келіден астам ұлттық өнім жәрмеңкеге шығарылды. Әжелердің қолдан жасаған ірімшігі мен жаңа піскен сары майы, талқаны мен көжесінен дәм татқан жұрт қазақтың ұлттық тағамдарына тәнті болды.
- Шара барысында біз білмейтін ақпараттар көп болды. Қойылымдар ұсынылып, халық әндері мен күйлер шырқалды. Сахна төрінде жастар «Қазақ дастарханының тарихы» атты шағын театрландырылған көрініс көрсетті. Онда қазақтың дастархан құру дәстүрі, сый табақ тарту әдебі, қонақ күту рәсімдері бейнеленді. Көңілді күйден бөлек, мағынасы терең фестиваль болды, - дейді қала тұрғыны Жансая Әбілхасым.
«Дән мен дәм FEST» – тағам мерекесі ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтауға үндеген мәдени қозғалыс деуге болады. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жұмабай Ғаппарұлы фестивальдің басты идеясы – ұлттық ас арқылы ұлттың рухын жаңғырту дейді.
– «Біздің мақсат – ұлттың болмысын ас арқылы таныту. Соңғы жылдары жастар шетелдік өнімдерге үйір болып барады. Біз соған балама ретінде ұлттық тағам мәдениетін қайта жандандыруды көздеп отырмыз. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар. Қазақтың әр асы – дәстүрдің көрінісі, ол тек Наурызда емес, күнделікті өмірімізде де сақталуы тиіс», - деді ол.
Фестиваль соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, ұлттық тағам шеберлері марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасатынын айтты.
«Шымкент келбеті»