1 сәуір – күлкі күні қарсаңында Шымкентте JAIDARMAN әзілқойлар мен тапқырлар сайысының маусымашар ойындары басталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Аталмыш іс-шараны Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр.
Екі жыл бойы онлайн форматта өткен жайдарман ойыны бүгін дәстүрлі түрде, карантиндік барлық талаптарды сақтай отырып, көрермендермен қайта қауышты.
Әні мен әзілі үйлескен жайдарманшылардың қатарында тәжірибесі толысқаны мен сахнаға алғаш шыққандары бар. Жалпы жергілікті 30-дан астам команда жиналған. Бүгінгі ойынға кештің арнайы қонағы, Жайдарман ойындарының жүргізушісі Есен Елеукен және бірқатар әзіл майталмандары қазылық етті.
– Маусымашардың биылғы ерекшелігі жүлделі орын алған командаларға ақшалай сыйлықтар табысталады. Үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар алдағы уақытта республикалық ойындарға жолдама алады. Алда қатысушыларды 8:1 және 4:1 финалдар күтіп тұр. Келесі сайыс сәуір айының соңында өтеді,-деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар мен арнайы логотиппен жасалған сыйлықтар табысталады.