Медициналық білімі бар азаматтар енді мемлекеттік медициналық мекемелерге ақпараттық жүйе арқылы жұмысқа қабылданатын болады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл үшін кадрларды іріктеудің автоматтандырылған «Нr-process» жүйесі іске қосылмақ. Бұған дейін бұл жүйе қаладағы білім саласына ендіріліп, бүгінге дейін 300-ден аса педагог жұмысқа орналасқан болатын.
Мамандарды жұмысқа іріктейтін ақпараттық жүйені іске асыру үшін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен «HR-process» компаниясы арасында келісім шарт түзілді. Келісім негізінде 2021 жылдың сәуір айынан бастап жаңа жүйе іске қосылып, жұмыс іздеуші азаматтар ақпараттық портал арқылы жұмысқа қабылданады.
Жаңа жүйе арқылы жұмыс іздеген медицина білімі бар мамандар бас дәрігер немесе кадр бөліміне бармай-ақ, арнайы бағдарлама арқылы жұмысқа тұруға өтініш білдіреді. Яғни, «HR-process» ақпараттық порталында жұмыс іздеуші азамат өзі туралы толық ақпаратты енгізіп, ұпай жинайды. Жоғары ұпай жинаған маман автоматты түрде қаладағы мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа қабылданады.
Айта кетейік, бұл жобаның мақсаты – кандидаттар үшін денсаулық сақтау мекемелерінің өзекті бос орындарына қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, кадрларды іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлықты алдын алу.