​Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауы аясында цифрландыру мәселелері талқыланды

​Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауы аясында цифрландыру мәселелері талқыланды

Қала басшылығының тапсырмасына сәйкес Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған басым бағыттарды түсіндіру және талқылау мақсатында арнайы кездесу өтті.

Жиын барысында экономика саласында жасанды интеллектіні қолдану тақырыбы ерекше қаузалды. Кездесуге Шымкент HUB аймақтық бөлім басшысы Құрманғазы Мұратов, «Азия Сервис» компаниясы директорының орынбасары Александр Андреевич, сала мамандары және студенттер қатысты.

Спикерлер жасанды интеллектінің артықшылықтары мен қауіптері, сонымен қатар оны кәсіпкерлік, білім беру және мемлекеттік басқару салаларында қолдану жолдарына тоқталды. Құрманғазы Мұратов өз сөзінде Шымкент қаласында ЖИ айтарлықтай дамып келе жатқанын атап өтті.

– Шымкент HUB-тың негізгі мақсаты – өңірде IT саласын дамыту, жастардың стартап жобаларына қолдау көрсету. Жыл сайын 170-ке жуық іс-шараөтеді. Стартап академиясы, ноу-код курстары, түрлі хакатондар және тегін оқыту бағдарламалары ұйымдастырылуда,-дейді.

Сонымен қатар, қаланың цифрландыру көрсеткіштері соңғы екі жылда айтарлықтай артқан. «Smart City» жобаларының арқасында цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейі 55 пайыздан 76 пайызға дейін өскен. Ақпараттық технологияларды қолдану көрсеткіші де 44 пайыздан 85 пайызға жеткен. Кездесу барысында студенттер мен жас мамандарға арналған тегін бағдарламалар таныстырылды. «Стартап Орда» жобасы аясында екі ай ішінде қатысушылар идеяларын толыққанды өнімге айналдыруға мүмкіндік алады.

Жалпы, жиында жасанды интеллектінің жастарға берер мүмкіндігі зор екені айтылып, оның қоғамдағы рөліне қатысты пікірлер ортаға салынды.

«Шымкент келбеті»