Шымкентте мерекеге орай республикалық турнир басталды

Шымкентте мерекеге орай республикалық турнир басталды

Бар жақсылық балаларға! Еліміздің бүгіні мен ертеңі – жас ұрпақ үшін қаншама игіліктер жасалса да көптік етпесі анық. Жаз мезгілінің шуақты мерекесі - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүгін қаламыздағы “Денсаулық” спорт кешенінде жүзу маусымы мен жүзуден жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов балғындардың қуанышына ортақтасып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 400–ге жуық спортшыдан құралған 23 команда қатысуда. Республикалық дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырады.

Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні мегаполисте бұқаралық спорттың дамуына, сондай-ақ жүзуге қатысатын жас жеткіншектер қатарының артуына ықпал ететін болады.