Шымкентте Ұлыстың ұлы күні қарсаңында республикалық ақындар айтысы басталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Айтысқа әр өңірден келген 16 үміткер бақ сынауда. Олардың қатарында республикаға кеңінен танымал арқалы ақындармен қатар, жас айтыскерлер де бар.
Сөз сайысын ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізеді.
Аламан айтысқа Асанәлі Әшімов, Әселхан Қалыбекова, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Бауыржан Халиолла, Маржан Есжанова, Кәрима Оралова сынды зиялы қауым өкілдері қазылық етеді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтысты ашып, ақындарға сәттілік тіледі.
–Биылғы Наурыз жәй Наурыз емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Наурыз. Наурыз Шымкенттен басталды. Енді жыл сайын бүткіл қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күнін Шымшаһарға кеп тойласа деген бастама сәтті қолға алынды. Айтыстың басты тақырыбы - тәуелсіздік. Егемендіктің қуанышы мен жауапкершілігін ұмытуға болмас. 2020 Шымкентте 232 мыңға жуық сәби дүние есігін ашты. Бұл да бір Тәуелсіздіктің бізге берген бақыты, бағы деп білемін, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Дүбірлі айтыста ақындарамыз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жырдан шашу-шашып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, көрермендерді желпіндіріп отырды.
«Наурыз айтыстың» жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде – 2 млн. теңге, 1 орын – 1 млн. теңге, 2 орын (2 ақын) – 500 мың теңге, 3 орын (2 ақын) – 300 мың теңгені құрайды.
Республикалық ақындар айтысы «Түркістан» сарайында санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілуде.
«Наурыз айтыс» ертең де жалғасын табады. Келер күні үздіктер анықталып, марапатталатын болады.