Бұл туралы бүгін қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде қалалық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді.
Басқарма тарапынан 2021 жылы атқарылған жұмыс туралы баяндаған спикердің мәлімдеуінше, былтыр жалпы саны 1157 арыз-шағым түскен. Бұл 2020 жылғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 14,6 пайызға төмен.
– Арыз-шағым мен еңбек заңнамасын бұзу фактілері, көбінесе, жалақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбеккердің құқығын сақтауға қатысты. 2021 жылы біз 235 рет тексеру өткізіп, 410 құқық бұзушылық фактісін анықтадық. Нәтижесінде жалпы сомасы 9,86 млн теңгеге айыппұл салынды, – деді Бауыржан Қалжанов.
Анық болғаны, 2021 жылы жұмыс барысында болған 30 жазатайым оқиға тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,5 пайызға төмендеді. Жауапты мамандардың мәліметінше, жазатайым жағдай негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласына қатысты болып отыр. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында "Халықтық бақылау" жобасы қолға алынып, Шымкентте 18 кәсіпорында енгізілді. Ал 542 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациядан өткізілді. Бұған қоса былтыр 1130 жұмысшының жалпы сомасы 197,5 млн теңге жалақы қарызы өндірілген.