Шымкентте Орта Азиядағы бірегей алюминий құты шығаратын зауыт салынуда

Шымкентте Орта Азиядағы бірегей алюминий құты шығаратын зауыт салынуда

Қала әкімі Мұрат Әйтенов «KazALPack» өндіріс орнының қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды Shymkentaqparat

«KazAlPack» ЖШС - Орта Азия аумағында бірегей жобаны жүзеге асыратын кәсіпорын.

Мегаполистің «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорын жылына 500 миллион алюминий құтысын шығаруға қауқарлы. Заманауи зауыттың жалпы ауданы - 20 000 шаршы метр.

Алюминий құты (банка) - әлемдегі экологиялық ең таза және қайта өңделетін қаптама.


Өндіріс орнының тынысымен танысқан қала әкімі кәсіпорын басшыларына қажетті мамандарды даярлауда жергілікті кәсіптік-техникалық колледждермен меморандум түзуді тапсырды.

Айта кетейік, орталық Азиядағы тұңғыш зауыт құрылысы өткен жылы бастау алған болатын. Жоба «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Қазіргі таңда өндірістік және қойма үй-жайларын салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Зауыт өнімі импортты алмастыратын және отандық тамақ өнеркәсібінің алюминий құтыға деген қажеттілігінің 75%-ын жабуға мүмкіндік береді. Шығарылатын жалпы көлемнің 10 пайыз өнімін экспорттау жоспарланған.