Бүгін Шымкент қаласындағы Забадам шағын ауданында «Наурыз» мерекесіне орай, Қазақстандағы алғашқы «Отбасылық кітапхана» ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған «үй үлгісіндегі» жаңа форматтағы кітапхана.
Заманауи кітапханада баланың ой-өрісін дамытуға бағытталған қажеттінің бәрі табылады. Мұнда бір мезетте түрлі танымдық үйірмеге қатысуға да, іс-шаралар өткізу де, қажет десеңіз, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту жол ашатын комьюнити орталықтарда жұмыс жүргізуге болады.
Кітапхананың ашылу салтанатына қатыстақан қала әкімі Мұрат Әйтенов кітапхананың техникалық базасымен танысып, өңірде отбасылық құндылықтарды басты назарға алу қажеттігін алға тартты.
Кітапхана жұмысымен танысу барысында аталған мекеме ұжымы қала әкіміне отбасылық абонементін тарту етті. Ал, шаһар басшысы ізгі ниетке алғыс ретінде кітапханаға өз атынан бірнеше кітап сыйға тартты.
Айта кетейік, келушілерге отбасылық психология және бизнесті жүргізу бойынша тақырыптық секциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тұрақты оқырмандарға Шымкент қаласының мәдениет басқармасы өткізетін ойын-сауық іс-шараларына, спектакльдерге тегін билеттер ұсынылатын болады.