Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби өмірге келеді

Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби өмірге келеді

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, демографиялық өсім жағынан Шымкент Қазақстанда алдыңғы орында тұр. Демографиялық дүмпу бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Өткен жылы Шымкент қаласында 31 445 бала дүние есігін ашқан. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3 342 балаға артық.

Сонымен бірге Шымкентте 2020 жылы 274 егіз және 6 үшем өмірге келген.

Медицина мамандарының айтуынша, үшінші мегаполисте күніне орта есеппен 120 сәби туады. Яғни, әр он бес минут сайын бір шымкенттік дүние есігін ашады деген сөз. Мәселен, кешегі сайлау күні шаһарда 64 бала өмірге келген.

Айта кетейік, биылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылады. Нәтижесінде экстракорпоральды ұрықтандыру бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейеді.

Пациент осы бағдарлама аясында жылына бір рет ЭКҰ жасай алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ЭКҰ орталығы жұмысы істейді, оның 21-і – жекеменшік. Осы уақытқа дейін жасанды ұрықтандыру жолымен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.

Сондай-ақ, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі белсіздік пен бедеулікке шалдыққан жұптардың ұлттық бірыңғай регистрін дайындап жатыр.

Фото: ашық дереккөз