Шымкентте жыл басынан бері 29 өрт тіркелген, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев мәлімдеді.
– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 38%-ға, материалдық шығын2,6 есеге, жарақаттанған адамдардың саны 100%-ға өскен. Керсінше қайтыс болғандар 3 есеге төмендеген. Шыққан өрттің негізгі бөлігі тұрғын үй секторында және автокөліктерде орын алған. 2021 жылдың ақпан айында орын алған 29 өрттің 13-і т тұрғын үйде, тағы 13-і автокөліктерде болған. Тұрғын үй секторын тікелей аралау арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Аманбек Бейсембаев.
Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында бірқатар тұрғын үйлерде қолдан жасалған газ сыйымдылықтарын пайдаланып жатқаны анықталған. Бұл бойынша мәліметтер жинақталып, газ-техникалық инспекцияға шара қолдану үшін жолданған.
Қазіргі таңда қала аумағында 2019-2020 жылдары салынған 31 көпқабатты үй және бұрыннан келе жатқан 15 көпқабатты үй орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған.
Сондай-ақ қазіргі таңда қалада су тасқынының алдын алу шаралары толық бақылауда. Жалпы жағдай бірқалыпты. Қаладағы 4 су қойманың жағдайы қанағаттанарлық, оларға алдыңғы жылдары меншік иелерімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Көктемдегі ықтимал су тасқынына байланысты қала аумағында «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары 4-5 наурыз аралығында өткізіледі.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - көктемгі кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметтері мен бөлімшелерінің әзірлігін, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның жай-күйін тексеру.
Республиканың су тасқыны қауіпті аймақтарға және су тасқыны салдарын жоюға көмек көрсету үшін Департамент 48 жеке құрам, 7 бірлік арнайы техника, 13 дана мотопомпа, 4 қайық және 14 күнге құрғақ азық-түлік қорымен қамтамасыз етті.