ШЫМКЕНТТЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА КЕҢІСТІК – «SHYMKENT CREATIVE HUB» АШЫЛДЫ
Шымкентте креативті индустрияны қолдауға бағытталған тың жоба – «Shymkent Creative Hub» креативті орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа кеңістік қаладағы шығармашылықпен айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби дамуына, идеяларын жүзеге асыруына және табыс көзін кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Креативті хаб «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының негізінде ашылып, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Жалпы ауданы 540 шаршы метрді құрайтын бұл ғимаратта бірнеше бағытқа арналған аймақтар бар: көрме және сату алаңы, дизайнерлік киімдерге арналған подиум, кино және анимация жобаларын жүзеге асыратын студия, шеберлік сағаттары мен іс-шараларға арналған алаңдар және конференц-зал.
Мұнда қолөнершілер, зергерлер, суретшілер, дизайнерлер мен контент-мейкерлер бірлесе жұмыс істейді. Олар өз өнімдерін көрсету, өткізу, тәжірибе алмасу және шығармашылық жобаларды дамыту мүмкіндігіне ие.
Шымкент қаласында бүгінде креативті индустрия бағытында 2300 кәсіпкер тіркелген. Олардың басым көпшілігі халық қолөнері, сән мен дизайн, контент жасау және зергерлік өнер салаларында жұмыс істейді. Қалада 150-ден астам кәсіпкерді біріктіретін арнайы Креативті индустрия ассоциациясы да құрылған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттің креативті индустрия кәсіпкерлерінен түскен салық көлемі 4 миллиард теңгеден асты. Бұл саланың экономикалық маңызы күннен-күнге артып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа хабта алдағы уақытта этностильдегі бұйымдар, құрақ құрау, зергерлік өнімдер, заманауи сән мен қолөнер бағыттарында шеберлік сағаттары, фестивальдер, сән көрсетілімдері мен түрлі семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
«Shymkent Creative Hub» – шығармашылыққа бейім тұлғалар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл орталық тек жаңа идеяларды іске асыруға ғана емес, сонымен бірге оларды табыс көзіне айналдыруға да жол ашады. Сонымен қатар, кәсіби байланыстар орнатып, көлеңкелі экономиканың алдын алып, ресми тіркелуге ынталандырады.
2025 жылдың басынан бері креативті индустрия кәсіпкерлеріне қолдау көрсету мақсатында 10 жәрмеңке ұйымдастырылған. Мұндай бастамалар өңірдегі шығармашылық әлеуеттің дамуына серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.