Шымкентте табиғатты қорғау полициясы 200-ден астам заңсыз ауланған құсты босатты, – деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі Polisia.kz сілтеме жасап.
Құқық бұзушылық жасаған қаланың 4 тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы бойынша жауапқа тартылды. Тәртіп сақшылары оларды профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында қаладағы Жабық базардың аумағынан анықтады. Мұнда заң бұзушылар кішкентай торғайларды сатып тұрған. Полицейлер торлардан 212 құсты босатты.
Сондай-ақ табиғатты қорғау полициясының инспекторлары Түркістан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамымен бірлесіп жүргізген рейд барысында жабайы үйректерді заңсыз аулаған азаматты анықтады.
Оған қатысты ӘҚБтК-нің 382-бабы және 484-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Құқық қорғаушылар тұрғындарға заңсыз аң аулағаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы еске салады және өңірдің экологиялық әл-ауқатын сақтауға, табиғат пен жануарлар дүниесін қорғауға шақырады.