Шымкентте тағы 3 кітапхана жаңартылды

Шымкентте тағы 3 кітапхана жаңартылды

Үшінші мегаполисте орталықтандырылған кітапханалар жүйесі нысандарын модернизациялау сәтті жүріп жатыр.

Елорда күніне орай Орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің орталық кітапханасы, Абай атындағы қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №8 және №11 филиалдары отбасылық кітапхана ретінде қайта жасалып, модернизацияланды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Балалар әдебиеті жылы» аясында модернизациядан өткен кітапханалардың ашылуына қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шаһар басшысының атынан үш ұжымға да бағалы сыйлықтарды тапсырды.

Сонымен қатар, ашылу салтанатына қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова және БАҚ өкілдері мен кітапсүйер қауым қатысты.

Жаңарған кітапханаларда жаңа оқу аймақтары, кітап және оқырмандар залдары, «Art Community Space» залдарының жаңа жұмыс жүйесі, кофехана жұмыс істейді.

Модернизациядан кейін жаңа кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар оқырмандар өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыратын, демалып, жүздесетін орынға айналады. Сонымен қатар, жаңа кітапханалар әртүрлі санаттағы оқырмандар үшін еркін үйірмелер жұмысын ұйымдастыруда.

Айта кетейік, биыл Шымшаһарда 10 кітапханаға модернизация жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда мәдениет нысандарын жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. ІІ-кезеңде тағы 4 кітапхана желісін заман талабына сай жаңғырту көзделіп отыр.