Шымкентте өткен «International educational fair 2023» халықаралық білім көрмесіне әлемнің 60 елінің университеттері қатысты

Шымкентте өткен «International educational fair 2023» халықаралық білім көрмесіне әлемнің 60 елінің университеттері қатысты

Бүгін Шымкентте «International Educational Fair 2023» халықаралық білім көрмесі өтті. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арнайы келіп, болашақ студенттер мен жас мамандарға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.

– Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономика салаларындағы кадр тапшылығын, сондай-ақ, білім беру жүйесін өзгерту қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме жастарымыздың дамуына үлкен мүмкіндік береді. Осынау ауқымды іс-шараға әлемнің 60 елінен түрлі университеттер қатысып отыр. Бүгінде көптеген дамыған елдерде тегін білім алу жолдары қарастырлған. Оған қоса жастардың шет елде жоғары білім алуына мемлекет тарапынан ла қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жас мамандардың осы мүмкіндікті пайдаланып, заман талабына сай сапалы білім алуына тілектестік білдіремін. Еліміздің болашағы жастардың қолында десек, осындай іс-шаралар арқылы еліміздің кадрлық әлеуеті мықты да білікті мамандармен толысатындығына сенімім мол, –деді Қ.Асылов.

Қазан айының 7-сіне дейін жалғасатын көрменің жабылу салтанаты Ташкент қаласында өтпек. «Аіі Group» білім және мәдениет, медиа компаниясы, «Віlіm» ЖШС-інің бастамасымен өткен көрме қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік білімнің қолжетімділігі мен таңдау ауқымын көрсету, жастардың жан-жақты дамуы мен білімді, дарынды жастарға тәжірбие алмасуына қолдау білдіру мақсатында жеті жыл бойы ұйымдастырылып келеді.

Айта кетейік, Биыл «International Educational Fair 2023» білім көрмесіне әлемнің 60-тан астам елдерінің оқу орындары қатысты. Оның ішінде жастардың қызығушылығын Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің университеттері мен білім гранттары қызықтырып отыр. Көрмеге қаламыздың оқу орындары мен мектептерден 1 мыңға жуық талапкерлер қатысты.