Шымкентте тоқыма өндірісі өріс алды

Шымкентте тоқыма өндірісі өріс алды

ҚР Үкіметінің қаулысына «Оңтүстік» АЭА аумағын кеңейту туралы өзгерістер енгізілді. Осылайша Шымкенттің қос бірдей тоқыма кәсіпорны арнайы экономикалық аймаққа кіретін өндірістер мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

«Alliance» пен «Azala Textile» ЖШС тоқыма кәсіпорындары – үшінші мегаполистің ғана емес, қала берді Қазақстанның және ТМД елдерінің осы салаға деген сұранысын өтеп келеді.


Екі бірдей кәсіпорын ендігі кезекте экономикалық аймаққа кіру арқылы, арнайы салық режимін пайдалануға құқылы болмақ. Бұл деп отырғанымыз – кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік. Себебі дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және отандық тоқыма өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Шымкент елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру бойынша жетекші орын алады. Бізде еліміздің барлық жеңіл өнеркәсіп өнімінің 25%-ы өндіріледі. Шымкентте жұмыс істеп тұрған 328 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнында 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде Шымкентте мақтаны өңдей алатын 4 тоқыма кәсіпорны бар: «ТПК «Alliance» (бұрынғы «Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ), «AZALA Textile», «AZALA Cotton» ЖШС. Олардың біреуі ғана «Оңтүстік» АЭА-ның аумағында орналасып, ерекше салық режимін қолдануда («AZALA Cotton» ЖШС).