Шымкентте тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қатысу деңгейі артқан

Шымкентте тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қатысу деңгейі артқан

Шымкентте тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қатысу деңгейі соңғы жылдары біршама өскен. Дегенмен бұл салада заң бұзушылыққа жол берген 9 құрылыс компаниясына биыл 7 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ержан Нұразханов мәлімдеді.

Ержан Болатұлының айтуынша, құрылысқа үлескерлерді тарту үш әдіс бойынша іске асырылады. Яғни бірыңғай құрылыс операторының кепілдігі, екінші деңгейлі банктердің қатысуы және көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылған соң құрылыс компаниясы мен үлескер арасындағы келісімшарт арқылы жүзеге асады. Осы үш тәсілде де қаржы құйған үлескерлерге қаражатының сақталуына кепілдік беріледі.

Ғ.Өтенбаевтың мәлімдеуінше, келісімді бұзған құрылыс компанияларына ҚР Әкімшілік кодексінің 320-бабы және Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Брифингте баяндалғандай, биыл үшінші мегаполисте 1 млн-ға жуық шаршы метр тұрғын үй салынса, үлестік әдіспен 15 компания көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде.