Соңғы уақытта Шымкент қалалық ХҚО-ға баланың тууға байланысты қызметті алу үшін келетін азаматтардың саны күрт өскен, деп хабарлайды Shymkentaqparat
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдерінің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар айында шымкенттіктер бала тууға байланысты қызметтер бойынша 6859 өтініш жолдаса, биыл бұл көрсеткіш 12 мыңнан асты.
Сонымен қатар қызметтерге SMS арқылы проактивті форматта қол жеткізу де артты: 2020 жылы – 301 қызмет, 2021 жылы 1 698 қызмет проактивті түрде ұсынылды.
«Проактивті тәсіл – ең қолайлы шешім. Телефон хабарламасының көмегімен баланың туу туралы куәлігін, тууға байланысты жәрдемақыны және балабақшаға кезекті рәсімдеп қана қоймай, баланы тұрғылықты жерге тіркей аласыз», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Жалпы, нәрестені проактивті тәсілмен тіркеу қызметі 2017 жылдан бастап іске қосылған және бұл игілікті мобильді азаматтар базасында тіркелген ата-аналар ғана қолдана алады. Ол үшін egov.kz порталындағы жеке кабинетте ұялы телефон нөмірін ЖСН-ге байланыстыру қажет немесе халыққа қызмет көрсету орталығында мобильді азаматтардың деректер базасында тіркелу керек.
2021 жылдың қаңтар айының өзінде тиісті қызмет көрсету орталығына бала тууын тіркеуге – 2 219, бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға – 4 634, бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем тағайындауға 4 348 өтініш келіп түскен.