Америкалық әйгілі драматург Нил Саймонның «Әумесерлер» пьесасы қазақ тілінде тұңғыш рет сахналанды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Әлемдік әдебиеттің інжу-маржанына айналған туынды «Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында» қойылды.
ХХ ғасырдың 80 жылдарында жазылған пьесаның күні бүгінге дейін айтар ойы терең, көтерер жүгі ауқымды. Қоғамдағы біршама мәселелер комедияда кеңінен көрініс табады. Білім-ғылым, мәдениет пен теңдік, махаббат пен достық ерекше бейнеленген қойылым көрермендердің де көңілінен шықты.
Оқиға желісі тұрғындар бір тылсым әсерінен әумесерлерге айналған ауылға Леон мұғалімнің келуінен бастау алады. 200 жыл бұрын екі жастың махаббатына қарсы қаскөй ауыл адамдарының бәрін махаббаттан мақұрым, оқу-білімнен ада етіп, өмірбақи еселаң қалыпта өтсін деп дуалағаны белгілі болады. Сауатсыз жұртты білімге баулымақ болған мұғалімнің өзі әумесердердің қатарына қосылып кете жаздайды. Солай жүріп ұстаз Леон оқушысы Софьяға ғашық болып қалады. Оны байқаған зұлым Зубрицкий мұғалімге қандай талап қояды? Леон мен Софья бірге бола ала ма? Тұрғындар дуаның күшін қалай жояды?
Бұл сұрақтардың жауабын біліп, тартыстар шиеленісінің қалай дамитынына куә болғыңыз келсе 22-28 наурыз аралығында, сағат 18:30-да «Әумесерлер» пьесасына келіңіз.