Шымкентте «Vet Qyzmet» пилоттық жобасы іске қосылды

Шымкентте «Vet Qyzmet» пилоттық жобасы іске қосылды

Ел Президентінің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ветеринария саласының жұмысы автоматтандырылды.

«Vet Qyzmet» пилоттық жобасы іске қосылды. Енді қала тұрғындары үйінен шықпай мобильді қосымшаны жүктеп, ветеринариялық мекемеге электронды түрде өтінім қалдыра алады.

Бұл жоба елімізде ғана емес, ТМД арасында Шымкентте алғаш болып қолға алынып отыр. Қала әкімі пилоттық жобаның жұмыс істеу барысын арнайы тексеріп, толықтырулар енгізу және тұрғындарға кеңінен түсіндіру жөнінде тапсырма берген болатын.

Осыған орай қазір қосымшаға 2 ветеринариялық бекет енгізілді, 40 азаматтың өтініші қосымша арқылы қабылданды. Қазір тек «андройд» пайдаланушылары үшін қолжетімді, тегін жүктейді (https://play.google.com/store/apps/details...). Тестілеуден өткен соң қалған 4 бекет те енгізіледі, «ios»-қа да қосылады.

Жүйенің артықшылықтары:

- уақыт үнемділігі;

- жедел қызмет көрсету;

- тәулік бойы қолжетімділік;

- орындалған қызмет туралы анықтама алу;

- кезектің болмауы;

- қолдау қызметі жұмыс істейді;

- учаскелік ветеринарды шақыру.

Аумақтағы эпизоотиялық жағдайды тәулік бойы бақылауға, ветеринариялық дәрігерлердің жұмысын бағалай алады. Ветеринариялық паспорт пен карта, ветеринариялық қызметтер – жануардың иесіне жүйеде тіркелгеннен кейін қолжетімді болады. Өз жануарлары туралы ақпаратты да бірден енгізе алады.

Бұл - індеттің, әсіресе жануарлар мен адамдарға тән аурулардың қаупін азайтудың тиімді құралы.

Одан бөлек, ветеринарларға арнайы біркелкі киім үлгісі жасалды. Арнайы киім жұмыс жасауға ыңғайлы етіп тігілген. Оған QR код жабыстырылып, тұрғындар маман туралы толық ақпарат ала алатын болады. Бұл тұрғындарға дұрыс және сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.