Жақында қала дүкендерінің сөресінен «Шымкентте жасалған» бір реттік дымқыл майлықтар (влажная салфетка) орын алатын болады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Лентасы өткен жылдың қыркүйек айында қиылған өндіріс ошағында бүгінде айына үш түрлі – 15 даналықтан 850 мың, 70 және 120 даналықтан 9 мың майлық шығарылуда. Су жаңа кәсіпорын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта бой көтерген.
Қазірде дүкеннен сатып алып жүрген салфеткалардың көпшілігі ылғалды ұзақ уақыт ұстап тұра алмайтыны, тез кеуіп кететіні жасырын емес. Алайда «DALSAN» ЖШС өнімдері мемлекетаралық стандарттың барлық талаптарын сақтап, қазіргі заманғы еуропалық жабдықта түрік технологиясымен жасалады.
Фабрика директорының айтуынша, құны 500 мың АҚШ долларын құраған кәсіпорында қазіргі уақытта 12 жұмыс орны ашылса, толық жобалық қуаттылыққа шыққан кезде жұмыс орындарының санын 45 адамға дейін арттыру жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 300 мыңға жуық дымқыл майлықтар шығаруға мүмкіндік береді.
–Мен алғашқыда Қазақстанғанға Түркияда өндірілетін нәрсетелерге арналған жөргекті саудалауға келдім. Кейін нарықты зерттей келе, таңдауым Шымкентке түсті. Себебі мұнда кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Түбі бір түркітектес елдің ұрпағы болғандықтан, мұндағы адамдармен тіл табысып, кәсіп бастау аса қиынға соқпады. Енді осында ересек адамдарға арналған жөргек шығаратын зауыт салу жоспарымызда бар, - деді кәсіпорын басшысы Дал Халил мырза.
Айта кетейік, елімізде бүгінге дейін дымқыл салфеткалар шығаратын 4 компания бар-тын. Оның бірі – Шымкентте болса, қалған үшеуі – Алматыда орналасқан. «Далсан» – ылғалды майлық шығаратын отандық нарықтағы 5-ші компания.
Бір реттік майлықтардың бағасына келсек, өзге компаниялардың өнімімен салыстқарағанда, анағұрлым қолжетімді. Бактерияға қарсы әсері бар жұмсақ матадан жасалатын өнімнің 15 даналығы – 35-36 теңге, 72 даналығы – 165 теңге, 120-сы – 240 теңгеден көтерме бағада сатылуда. Отандық өнімді жергілікті дүкендерден, дәріханалар мен клиникалардан сатып ала аласыз