Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкентте арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Шара жеңіл өнеркәсіп саласы үшін мамандар даярлайтын жетекші оқу орны – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде өтті. Баспасөз турының мақсаты – колледждің мүмкіндіктерін, түлектердің жетістіктерін және сұранысқа ие мамандықтарды таныстыру.
Баспасөз туры барысында қатысушылар алдымен колледж басшылығымен кездесті. Колледж директоры Гүлмира Жапбарқызы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, білім ордасы туралы ақпарат берді. Ол өз сөзінде оқу орнының әлеуеті жоғары екендігін айтты.
-Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі – Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп үшін жұмысшы кадрларды даярлайтын базалық оқу орны. Біз 2017 жылы “Үздік колледж” номинациясын жеңіп алдық. Қазіргі уақытта оқу процесі үш оқу корпусында жүргізіледі. Барлық ғимараттар санитарлық талаптарға сай жабдықталған, ал 558 орындық оқу кабинеттері бар. 9 оқу шеберханасы мен 10 құзыреттілік орталығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Студенттеріміз 2014 жылдан бері дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алады, олардың 40 пайызы теорияны меңгерсе, 60 пайызы өндірісте тәжірибеден өтеді. Қазіргі таңда 527 студент дуальды жүйе бойынша оқып жатыр. Біз Шымкент қаласының 35 кәсіпорнымен серіктестік орнатып, түлектерді еңбек нарығына тікелей шығаратын мүмкіндік жасаймыз, – деді ол.
Жиын барысында сән көрсетілімі ұйымдастырылып, студенттердің жасаған авторлық үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге Coworking алаңы, жастардың шығармашылықпен айналысуы үшін заман талабына сай жабдықталған кабинеттер таныстырылды. Заманауи құрал-жабдықтардың қатарында жапондық JUKI, Kanzai, италиялық Rotondi және түркиялық Özbilim компанияларының өнімдері бар, олардың барлығы WorldSkills стандарттарына толық сәйкес келеді. Бұл білімгерлердің білікті болуына үлкен септігін тигізетін мүмкіндіктер.
Баспасөз турының түскен кейінгі бөлімінде қатысушылар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің Құзыреттілік орталығына барды. Мұнда «Сән технологиясы» бойынша республикалық дайындық алаңының жұмысы таныстырылды. Қонақтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықтың мүмкіндіктерін көріп, студенттердің тәжірибелік сабақ өткізу барысын көрді.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері серіктес кәсіпорындарды да аралады. Алдымен «АГФ» тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Мұнда киім тігудің өндірістік процесі, жаңа технологиялар және студенттердің тәжірибеден өту мүмкіндіктері көрсетілді. Бұдан соң қатысушылар «Назар-Текстиль» кілем фабрикасына барды. Фабриканың өндірістік қуаты, дайын өнімнің сапасы мен экспорттық әлеуеті жайлы ақпарат берілді.
Айта кету керек, колледж студенттері халықаралық деңгейде де жетістіктерге жетіп жүр. Олар WorldSkills, EuroSkills, Abilympics чемпионаттарының жеңімпаздары атанып, 2024 жылы Франциямен бірлесіп халықаралық салалық аккредитациядан өткен. Түркиядағы колледждер және «Денизли» индустриялық аймағымен әріптестік байланыстар орнатылған. Бүгінде студенттердің 10 стартап-жобасы іске асырылып, оған 40-қа жуық жас қатысып жатыр. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар студенттер де Abilympics чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған.
«Шымкент келбеті»