Шымкентте жоғары технологиялы нейрохирургиялық оталар қолжетімді бола түсті

Шымкентте жоғары технологиялы нейрохирургиялық оталар қолжетімді бола түсті

Шымкентте өткен баспасөз туры барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің нәтижелері таныстырылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова журналистерге өңірдегі жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігі туралы кеңінен мәлімет берді.

Арапкүл Әбдімәлікқызының айтуынша, МӘМС енгізілгеннен бері қала тұрғындарының күрделі операцияларға қол жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай артқан.

-Бүгінде Шымкентте жоғары технологиялы көмекті мыңдаған адам ала алады. Тек биылдың өзінде МӘМС шеңберінде 1000-ға жуық жоғары технологиялы қызмет көрсетілді. Бұл – жүйенің нақты нәтижесі, – деді ол.

Оның сөзінше, МӘМС арқасында бұрын тек ұлттық орталықтарда жасалатын жүрек және бүйрек трансплантациялары да Шымкентте сәтті орындалып келеді.

-2025 жылы қалада 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалды. Мұндай оталардың құны 10 млн теңгеге дейін жетеді. Ал сақтандыру жүйесінің арқасында бұл күрделі операциялар науқастар үшін тегін көрсетіліп отыр. Бұл – тұрғындарға көрсетіліп жатқан зор әлеуметтік қолдау, – деді Ізбасарова.

Сондай-ақ соңғы бес жылда Шымкенттің жүрек орталығында 23 науқасқа жасанды жүрек қойылған. Бір жасанды жүректің құны 77 млн теңгені құрайды. Егер МӘМС болмағанда, мұндай жоғары технологиялы көмекті көпшілікке қолжетімді ету мүмкін болмас еді.

Арапкүл Ізбасарова қаладағы медициналық инфрақұрылымның да МӘМС енгізілгеннен кейін жақсарғанын айтты.

-Бүгінгі таңда Шымкентте 177 медициналық мекеме жұмыс істейді. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік ұйымдар. Ең бастысы – әр тұрғын өзіне қызмет көрсететін медициналық ұйымды еркін таңдай алады. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңызды қадам, – деді ол.

Баспасөз туры барысында нейрохирургиялық бөлімнің жұмысы да көрсетілді. Жақында жұлынға күрделі ота жасатқан науқаспен тілдестік. Мойын омыртқасы сынған науқасқа жоғары дәлдіктегі операция №2 қалалық ауруханасында жасалған. Операцияға жетекшілік еткен жоғары санатты нейрохирург, PhD, аурухананың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Еркін Медетов.

-Мұндай жарақаттар – минуттық шешім қабылдауды, біліктілікті және қымбат технологияларды талап ететін жағдай. Аурахананың нейрохирургтар командасы науқастың өмірін сақтап қалды. Бұл операцияның құны өте жоғары, алайда оның барлығы МӘМС есебінен төленді. Қазір науқас оңалу кезеңіне өтті. Бұл – жүйенің арқасында көрсетіліп отырған нақты көмек, – деді ол.

Арапкүл Ізбасарова МӘМС-тің басты мақсаты – қарапайым тұрғындарды медициналық шығындардан қорғау екенін атап өтті.

-МӘМС – жинақтау жүйесі емес. Әрбір сақтандырылған азамат жарна көлеміне қарамастан толық көлемде медициналық көмек алуға құқылы. Біз үшін маңыздысы – халықтың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімді болуы. Шымкентте бұл бағытта оң динамика бар, – деді ол.

Баспасөз туры барысында ұсынылған деректер мен көрсетілген мысалдар МӘМС жүйесінің өңір медицинасына серпін бергенін айқын көрсетті. Жоғары технологиялы оталардың қолжетімді болуы, кадрлық әлеуеттің күшеюі мен заманауи жабдықтардың енгізілуі – Шымкент медицинасының жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі.

“Шымкент келбеті”