Шымкентте жылдың ең үздік жастары анықталды

Шымкентте жылдың ең үздік жастары анықталды

Үшінші мегаполисте жылдың үздік 30 жасы марапат төрінен көрінді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында қалалық жастар ресурстық орталығында Шымкент қаласының көркеюіне үлес қосып, түрлі салалар бойынша жетістіктерге жеткен жастар 30 номинация бойынша марапатталды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен салтанатты жиында дәстүрлі «Үздік Жастар - 2021» премиясының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді.

Жиында сөз алған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жастарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесімен құттықтап, үздіктерге арнайы диплом, статуэтка және ноутбук сыйлықтарын табыстады. Номинация иегерлерін жеңістерімен құттықтаған қала басшысы жастар еліміздің болашағы екенін атап өтіп, ел мүддесі үшін еңбек ету әркімнің міндеті екенін айтты.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елімізді дамытуға бағытталған түрлі бағдарламаларға қатысушы әрі жүзеге асырушы да - жастар. Бүгінде жастар қала тұрғындарының 23 пайызын құрайды. Шаһарда төрт ауданнан жастар орталығы бөлімшелерінің ашылуы, «Шымкент жастар лигасы» жобасы - жастар саясатының қаламызда қарқынды жұмыс жасап жатқанының бір дәлелі. Шымкент – дарынды әрі талантты жастарға бай. Жайдарман ойындарының Жоғары Лига чемпиондары да Шымкенттен шықты. «Дарын» жастар сыйлығы, Токиода өткен жазғы Олимпиада және Сербия мемлекетінің Белград қаласында еліміздің Көк Байрағын көкке көтерген спортшыларымыз қаламыздың абыройын асқақтатып жүр. Олар – біздің мақтанышымыз. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Біз қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу жолында еңбектене беруіміз қажет. Сондықтан ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңінде аянбай еңбек етуге шақырамын!- деді М.Әйтенов.

Дәстүрге айналған «Үздік жастар» байқауы биыл 11-ші рет аталып өтті. Оған 14 пен 29 жасқа дейінгі қала жастары, халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың, байқаулардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, жүлдегерлері, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша жаңашыл бастамалар алып келген, жеке басының жетістіктері бар, өзі қызмет ететін салада жетістікке жеткен 175 жас байқауға қатысып, іріктелді.

Атап айтқанда Камшат Құрманбекова – «Үздік жас мұғалім», Абзал Алибеков– «Үздік жас ғалым», Берульцева Софья Полихроновна – «Үздік жас спортшы», Қуандық Асанұлы – «Үздік жас дәрігер» номинациясын жеңіп алды.

Айта кетейік, марапаттау рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.