Шымкенттегі медицина бұйымдарын шығаратын кәсіпорын «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алды

Шымкенттегі медицина бұйымдарын шығаратын кәсіпорын «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алды

Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ҚР Президентінің 2021 жылғы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті.

Шараға бейнеконференция байланысы арқылы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев пен жергілікті кәсіпкерлер және сала басшылары қатысты.

Елімізде «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанған. Сыйлық жыл сайын төрт номинация бойынша үш санатта тағайындалады.

Бұған дейінгі байқауларда Шымкент қаласындағы 7 компания «Алтын сапа» сыйлығын алған. Биыл мегаполистен байқауға қатысуға 11 компания өтініш білдірді. Оның ішінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша 6 кәсіпорын, «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша 2 кәсіпорын, «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша 2 кәсіпорын, «Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» бағытында 1 кәсіпорын бар.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығын Шымкент қаласынан «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-гі алды. Медицина бұйымдарын шығаратын кәсіпорын «Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорындар» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл мегаполистегі тұтынушыға сапалы өнім ұсына алатын серіктестіктердің бірі.

Кәсіпорын жылына 140 млн. дана медициналық бұйымдар шығаруға қауқарлы. Оның ішінде жылына 60 млн. дана бір реттік стерильді вакуумдық пробиркалар, 40 млн. данадан астам медициналық бір реттік стерильді екі жақты инелер және 40 млн. дана ине ұстағыштар бар. Компанияның алдағы жоспарында өнімдерді Ресей, Украина мен Өзбекстан нарығына шығаруды көздейді.

Аталған шара барысында «Ұлы дала елі» сыйлығының жеңімпаздары да анықталды. Бұл сыйлықты Шымкент қаласындағы жиһаз шығаратын «Mega Smart» ЖШС алды. Ал, «Ару Ана» гран-приін Шымкент қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева иеленді.