Шымкенттен Риддерге гуманитарлық жүк көлігі жіберілді

Шымкенттен Риддерге гуманитарлық жүк көлігі жіберілді

«Қазақстан халқы ассамблеясы» ұйымдастырған қайырымдылық іс-шарасы аясында үшінші жүк көлігі Риддер қаласына аттанды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Ассамблея жанындағы түрлі диаспора өкілдері тарапынан жасақталған материалдық көмек құны 11 млн. теңгеге бағаланды. 8 тоннадан астам жүк тиелген көлікте ұн, көкөніс пен жеміс-жидек, азық-түлік тауарлары, сусындар және шаруашылық бұйымдары мен төсек-орын жабдықтары риддерліктерге жөнелтілді.

«Қазақстан халқы ассамблеясының» қайырымдылық акциясына қатысып, сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қала әкімі атынан игі бастамаға алғысын білдіріп, елдің бірлігі әрдайым осындай қиын сәттерде керек екенін жеткізді.

- Шымкент қаласынан осымен Шығыс Қазақстан облысына үшінші жүк көлігін жөнелтіп жатырмыз. Республика бойынша риддерліктерге көмек көрсету жағынан біздің мегаполис алда келеді. Бұл әлбетте, қала тұрғындарының ынтымақ-бірлігі, азаматтық ұстанымы мен бауырмалдық сезімі жоғары екендігін көрсетеді,-деді Шыңғыс Жұмабекұлы.


Осынау игі істі ұйымдастыруға «Silkway» Халықаралық университеті, өзбек, корей, шешен-ингуш, ұйғыр, неміс этномәдени бірлестіктері, қалалық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі мұрындық болды.

- Биылғы жыл Қазақстан тарихында өте маңызды даталы оқиғамен тұспа-тұс келіп тұр. Ол әрине ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі. Еліміздің осынау ширек ғасырдан астам ікқыт ішінде бағындырған мерейлі белестеріне орай республиканың түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыхалықтық «30 игі іс» қайырымдылық марафоны бастау алды. Риддерге жөнелтілген гуманитарлық көмек сол қайырымдылық істердің бір көрінісі, -деді «Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының» төрағасы, «Қазақстан халқы ассамблеясы» кеңесінің мүшесі Икрамжан Хашимжанов.

Айта кету керек, еліміздегі этнобірлестік өкілдерінің ұйымы қолға алып жатқан игі амалдардың кешенді іс-шарасы аясында Шымкент қаласында қайырымдылық мақсатта 4 ауқымды жобаны іске асыру жоспарлануда.

Фото: Серік Қосаев