Шымкенттің бас жоспары мамыр айында бекітіледі

Шымкенттің бас жоспары мамыр айында бекітіледі

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық

сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен брифинг өтті. Онда басқарманың 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы айтылды.

— Басқарма тарапынан 17 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 13 967 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде

құрылыс және реконструкция жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну қызметі — 1 295 рет, жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру қызметі – 5 319 рет, ал, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру қызметі — 1 347 рет, сондай-ақ,

жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру қызметі — 1 577 рет көрсетілген,- деді Нұрбол Абдырахманұлы.

Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының Бас жоспары әзірленіп жатыр. Бұл жобаның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қаланың геоақпараттық жүйесі жасақталуда. Геопортал бүгінде сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Оның толықтай іске қосылу мерзімі де биылғы жылдың мамыр айына жоспарланыпты.