Бүгін ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердегі санитарлық-эпедемиологиялық жағдай талқыланды. Кеңейтілген отырыста Шымкент қаласының әкімі қаладағы эидемиологиялық ахуал жөнінде баяндады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қала басшысының сөзінше, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін 36 емханада 205 мобильді бригада жасақталған. Олар үй жағдайында ем қабылдап жатқан 4916 науқаспен коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 11 658 адамға медициналық қызмет көрсетіп келеді.
–Қаланың медициналық ұйымдарында COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры бар. Дәріханаларды қосып есептегенде дене қызуын төмендететін дәрілер 1 млн. 261 мың науқасқа, вирусқа қарсы препараттар 217 675 науқасқа, антибиотиктер 313 800 науқасқа, антикоагулянттар 13 383 науқасқа, гормоналды препараттар 53 192 науқасты емдеп шығуға жетеді, -деді М.Әйтенов.
Мониторингтік топтар 20 885 объектіде рейдтік іс-шаралар жүргізді, нәтижесінде 2 046 хаттама толтырылды және 130 млн.теңге айыппұл салынды. Қала әкімдігі жанынан ашылған call-center тәулік бойы жұмыс жасауда.
Қаладағы 4 748 бизнес субьектісі «Ashyq» жобасына қосылды, оған келушілердің статусын анықтау барысында 139 «қызыл» және 229 «сары» мәртебесі бар азаматтар анықталған.
Инфекцияны жеңудің жалғыз жолы – вакцинация екенін айтқан Премьер-Министр өңірлердегі вакцинация жұмыстарын жүйелі жүргізуді, карантин талаптарының сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Айта кетсек, бұған дейін Шымкентте эпидахуал шілде айынан бастап күрделенгенін хабарлаған едік.