Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жеке құрамы қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығымен бірлесе өз жұмыстарын бастады, деп хабарлайды shymkentaqparat
Жауынгерлер қазақ тілі мен әдебиеті бойынша аптасына 2 рет сабақ өтеді. Ондағы мақсат жас сарбаздардың өз ойын ашық жеткізіп, білім көкжиегін кеңейту. Мемлекеттік тіліміздің маңызын түсініп, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
- Тіліміздің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан осындай шаралар көп ұзамай өз нәтижесін береріне сенімдімін. Оған баршамыз атсалысуымыз керек. Елінің болашағын ойлаған әр азамат, ана тілінің болашағы үшін аянбауы керек. Өкінішке қарай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Осындай мәселелердің алдын алу үшін қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығымен бірлесе жұмыс атқарудамыз, - дейді подполковник Ринат Мадьяров.
Мемлекеттік тіл – тек қазақтың тілі емес, елімізде тұратын барлық ұлттардың ұлтаралық ортақ тілі болғандықтан, Департаменттегі басқа ұлт өкілдері де оқыту-әдістемелік дәрістеріне белсенді түрде қатысуда.