Шымкентті өз өнімімен қамтамасыз етуіміз қажет – Әйтенов

Шымкентті өз өнімімен қамтамасыз етуіміз қажет – Әйтенов

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «КАЗТЕХНИКАС» ЖШС кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Shymkentaqparat

«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорнында жарықдиодты шамдар өндіріледі. Биыл іске қосылған өндіріс орнында қазіргі таңда 25 қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіреді. Өнімнің сапасын тексеру үшін шамды су ішінде 5 минут суға салып, кейін іске қосылуын бақылайды. Суға төзімділігі анықталғаннан кейін нарыққа шығарылады.

- Шымкентте кәсібін бастаймын дегендерге мүмкіндік көп, қаншама мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Зауыт, фабрика ашам деп ниет білдіргендерді қолдауға әрдайым дайынбыз. Себебі қаланы өз өнімімен қамтамасыз етіп, отандық өнім ретінде шетелге де танытуымыз қажет. Осы арқылы тұрғындардың әл-ауқатын көтере аламыз. Мына диодты шамдарды қала көшелерінің барлығына, әсіресе тұрғындар көптеп жүретін саябақ, аллеяларға қою керек. Әрі жарық, әрі экономды болмақ. Осы орайда жергілікті құрылыс компанияларын бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, - деді Мұрат Әйтенов.

Бұл өнімдер қазір ішті нарықты қамтып отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта мемлекеттік қолдау арқылы өнім көлемін ұлғайтуды және экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.