​ШЫМКЕНТТІҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМЫ ШӘМШІ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

​ШЫМКЕНТТІҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМЫ ШӘМШІ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

15 тамыз күні Қазақстанның Халық әртісі және еліміздің Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл толды.

Туған күніне орай Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарындағы композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қаланың мәдениет саласының майталмандары, өнерпаздар, зиялы қауым өкілдері сазгердің рухына құрмет көрсетті.

Сонымен қатар Абай атындағы қалалық кітапханалар желісінің №2 кітапханасында қазақ вальсінің королін еске алуға арналған мәдени іс-шара да ұйымдастырылды.

Шәмшінің романтикалық туындылары әсем аруға, асыл анаға, туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты ең ыстық сезімдерді арқау еткен. Оның әндері қай дәуірде де қоғамның рухани сұраныстарына сай келеді, сондықтан бұл әндер әлі күнге дейін халық жадында сақталып, тыңдарманның жүрегін тебірентіп жүр. Қазір әрбір жас орындаушының репертуарында Шәмшінің әні бар десек қателесе қоймаспыз.

Бүгінде Шымкент, Түркістан, Астана, Алматы қалаларындағы көшелер және оңтүстік астанадағы орталық концерт залы Ш.Қалдаяқовтың есімімен аталады. 2006 жылы Шымкенттегі композитордың есімімен аталатын көшенің бойына ескерткіш орнатылды. Ал, 2010 жылы атақты жерлесіміздің 80 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласының орталығында «Шәмші әлемі» гүлзары ашылды.

Бар-жоғы 26 жасында Шәмші Қалдаяқов 21 жастағы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әнін жазды. 1956 жылы жазылған сол ән жарты ғасырдан кейін елдің Әнұранына айналды. 2006 жылдың қаңтарында бұл ән алғаш рет елордағы Ақорда сарайында елдің мемлекеттік Әнұраны ретінде шырқалды.

«Шымкент келбеті»