«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Жыл кітаптары» атты әдеби кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы – оқырмандар арасында кеңінен танымал жоба. Бұл жобаның мақсаты – әдеби туындыларды насихаттай отырып, оқырман қызығушылығын арттырып, кітап қорын көбейту.
«Бір қала – бір кітап» акциясы бойынша жыл кітабын таңдау үшін жергілікті қаламгерлер, кітапхана қызметкерлері және оқырман қауым өз ұсыныстарын білдірді. Туындылар жайлы өз ойларын ортаға салды.
Көпшілік қауымның және «Отырар» кітапханасының әлеуметтік парақшаларындағы оқырман пікірлерін ескере отырып, поэзия, проза, драматургия және балалар әдебиеті бойынша 2021 жылдың «Жыл кітабы» болуға лайық деп Х.Есенқарақызының «Жібек» шығармасы, З.Қыстаубайұлының пьесалары, С.Исақ «Тұлдыр тағдыр» мен Д.Танабаевтың «Мәуелі бақ» еңбектері және жас ақын Ә.Әлішердің «Мені құшақта» кітаптары таңдалды.
Әдеби-сазды кеш соңында «Отырар» кітапханасының директоры А.Жаппарқұлова сөз алып, «Жыл кітабына» лайық деп таңдалған еңбек иелерін құттықтап, шараны қорытындылады.