Шымкенттік 41 оқушы «Елбасы медалі» иегері атанды

Шымкенттік 41 оқушы «Елбасы медалі» иегері атанды

Шымкент қалалық «Дарын» орталығы 41 оқушыны Елбасының қолатөсбелгісімен марапаттады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Жоба ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының «El Umiti» бастамасы аясында әзірленді. Қаланың парасатты жастарын Шымкент қаласының бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан онлайн құттықтады.

Қала бойынша жалпы 131 озат оқушыны марапаттау жоспарланған. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында қала әкімі Мұрат Әйтенов алғашқы 10 оқушыны аталған медальмен марапаттаған болатын.

Бүгін үздік деп танылған 41 оқушыға елбасының марапатын Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева табыстады.

Жанат Арысбекқызының айтуынша, орталықтың басты мақсаты – озат оқушыларды жасына, тұрғылықты жеріне қарамастан білім беру, шығармашылық, мәдени және өзге де қабілеттері мен дарынын кеңейту үшін жағдай жасау.

Аталған бағдарлама жастарды негізгі 7 бағыт бойынша дамытуға септігін тигізеді. Олар: спорт, дарындылық пен дағдыны дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі.

«Біздің дарынды жастарымыз еліміздің ертеңгі болашағы, үкілі үміті. Бүгін дарынды оқушыларға қола медаль табысталды, болашақта күміс, алтын төсбелгі иегері атанатындарыңызға сеніміміз мол», - деді «Дарын» орталығы» коммуналдық мекемесінің директоры Раушан Джеренова.

Шымкенттің білімді жастарын қолдауға бағытталған жоба 14 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған. Қола 14 жастан, күміс 15, ал алтын төсбелгі 16 жастан бастап беріледі.