Бұл туралы Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі мәлімдеді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Елордадан келген 70 жастағы әжей 15 желтоқсан күні ауыр халде қалалық жұқпалы аурулар аурухасына түскен. Науқасты дәрігерлер бірден жан сақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Компьютерлік томография нәтижесінде кейуананың өкпесінің 90 пайызы қабынғаны анықталған. Бұған қоса науқастың дене қызу өте жоғары болған.
Білікті мамандар жүргізген емнің нәтижесінде егде жастағы астаналық тұрғынның денсаулығы жақсарып, ауруханадан шықты.
– Дене қызуы түсті. Емдік шаралар жүргізілді, денсаулық жағдайының динамикасы түзеліп, анализдері бір қалыпқа келді. Дем алысы жақсарды. Жасалған емі - интенсивті терапия, – дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігер-реаниматологы Еркінбек Нұртаев
Айта кетейік, жуырда ғана аталған орталық дәрігерлері екі өкпесі бірдей қабынған жаңа туған ананы өлімнен арашалап қалған еді.