Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ернар Бекбаш Абу-Дабидегі New York университетінің (NYUAD) толық грантына ие болды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Грант құны – 320 мың доллар. Оның ішіне оқу ақысы, қатынау рейстері, жатақханасы және медициналық сақтандыруы сынды шығындары кіреді.
Ернар Нью-Йорк университетінің дипломы арқылы SpaceX, Amazon, Goldman Sachs, McKinsey & Company, Google сынды ірі компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
– Бала кезімнен есеп-қисапқа, күрделі амалдарды шешуге құмар болдым. Мектеп қабырғасында жүріп пәндік олимпиадаларға қатыстым. Физика пәнін бар ынта-ықыласыммен оқыдым. Болашақта мықты инженер маман болғым келеді, - деді өз қуанышымен бөліскен Ернар.
Айта кетейік, аталған альма-матер әлемнің ЖОО тізімінде 26-шы орында. Ал жұмысқа орналасу деңгейі бойынша 11-ші орында тұр.