Шымкенттік Нұрымжан Шойбеков «Бизнес бастау» жобасымен ерекше кәсіпті жүргізіп отыр

Шымкенттік Нұрымжан Шойбеков «Бизнес бастау» жобасымен ерекше кәсіпті жүргізіп отыр

Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы  шеңберінде  мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жаңадан ісін бастап жатқан кәсіпкерлер баршылық. Жалпы елімізде азаматтарға грант беру бағдарламасы 2019 жылдан бастап қолданысқа енгізілген болатын. Бағдарлама аясында ерекше жобаны қолға алған авторларының бірі – Нұрымжан Шойбеков. Ол – ағаштан жасалатын арболит блоктарын өндіруді Қазақстанға алғашқы болып алып келген кәсіпкер. Бұрын құқық саласында еңбек еткен  Н.Шойбеков «Елдің өнеркәсібіне үлес қосуды әу бастан қалап жүрдім» дейді.

– Мен өндіріспен айналысуды жастайымнан армандадым. Бірақ сол қаржы  жетіспеушілігі қолбайлау болатын. Сол уақытта түрлі кәсіпкерлемен әңгімелесіп, осы арболит блоктары жайында естідім.  Кейіннен соның жасалу жолына қызығушылық таныта бастадым. Бұл өнім ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Еуропада шығарыла бастаған екен. Ал Кеңес Одағы дәуірінде алпысыншы жылдары  танымал болған. Сол уақыттарда монша салуға көп қолданған. Біздің елге 2015 жылдардан бастап  келді. Содан бастап мен өзім құжаттарын дайындап, сертификатын алып, осы өнімді өндіріп көруге кірістім. Бизнес-жобам арқылы қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Тұтынушылар солтүстіктен, орталық Қазақстаннан тапсырыс беріп жатыр, – дейді кәсіпкер. 

Оның айтуынша, арболиттің ерекшелігі одан салынған ғимарат қыста суықтан, жазда ыстықтан жақсы қорғалады. Құрамы ағаш пен цементтің қосындысы болғандықтан салмағы да жеңіл. Бұл құрылыс жұмысын едәуір жеңілдетеді. Қаржысы жағынан да үй салушыға тиімді. Себебі, арболиттен салынған үйді қосымша жылытқышпен қаптап әуре болмайсыз. Қабырғаға шеге қағуда қиындық тудырмайды. Экологиялық таза өнім болғандықтан адам денсаулығына зияны жоқ, керісінше пайдалы екен.