Шымкенттік оқушы халықаралық фестивальде бас жүлдені иеленді

Шымкенттік оқушы халықаралық фестивальде бас жүлдені иеленді

Шымкенттік оқушы халықаралық жарыстан жеңіспен оралды. Маусым айының 3-4 аралығында Ташкентте өткен халықаралық "ZHULDYZ ART KAZAKHSTAH"

конкурс-фестивалінде қаламыздағы N 90 Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқышысы Ханша-Айым Арманқызы бас жүлдені иеленді.

5-сынып оқушысы Ханша-Айым өзінің жас ерекшелігінде вокал бағыты бойынша топ жарды. Түрлі елдің намысын қорғаған

800-ден аса өнерлі бала бақ сынасқан байқау тартысты өтті. Бас жүлдегер түрлі тақырыптағы әндерді әуелете орындап, талайды таңдай қақтырды.

Сарапшылар кішкентай өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауына, дауыс ырғағына, сезімталдығына жоғары баға берді. Осылайша Ханша-Айым Арманқызы тек өзі білім алатын мектебінің ғана емес, халықаралық шарада мегаполистің абыройын да асқақтатты.

Жеңімпаздың ұстазы аталған мектептің музыка пәнінің мұғалімі, вокал үйірмесінің жетекшісі — Роза Амрина «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. Сондай -ақ «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.

Шәкірттері бүгінде АҚШ, Германия, Чехия, Болгария, Греция, Түркия, Ресей, Өзбекстан республикаларында өткен вокал байқауларының жеңімпаздары.