​Шымкенттік полицей қыз жазғы олимпиадаға қатыспақ

​Шымкенттік полицей қыз жазғы олимпиадаға қатыспақ

Шымкент қалалық Полиция департаментінің арнайы жасақ тағылымданушысы Ангелина Лукас жазғы олимпиадаға қатысуға үмітті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Тараз қаласының тумасы Ангелина, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» университетіне оқуға түсіп, Халықаралық қатынастар мамандығын игерген. Ол 12 жасынан бастап бокспен айналысқан.

2017 жылы Шымкент қаласының Бокс федерациясының шақыртуымен Ангелина Александровна Шымкентке қоныс аударды. 2020 жылдан бері Ішкі істер органдары қатарында қызмет етіп келеді.

–Болашақ мамандығымды бала кезімде анықтағандаймын. Бастауыш сыныпта «Кім болғым келеді?» деген тақырыпта шығарма жазғанда үнемі "Мені полиция мамандығы қызықтырады" деп жазатынмын, - дейді жас полицей.

Ангелина Республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық шараларға қатысып, биік белестерден көрініп жүр.

Атап айтсақ, жуырда әйелдер арасында өткен Түркиядағы әлем чемпионатында жүлделі 3-орынға ие болды. Болгария Республикасында әйелдер арасындағы бокстан өткен Европа кубогынан жүлделі 2-орынды жеңіп алды.

Карантин кезінде күнделікті жаттығулардың арқасында Болгария, Түркия елдеріне барып, 20 күнде 7 рет шаршы алаңға шығып, өнер көрсетті.

Алдағы уақытта Ангелина Азия чемпионатына қатысып, Жазғы олимпиадаға қатысуға үміткер екендігін де жасырмады. Еліміздің болашағы үшін еңбек етіп жүрген әмбебап полицейдің алар асуы алда екеніне сеніміміз мол.