​Шымкенттік полицейлер 86 отбасыға қайырымдылық жасады

​Шымкенттік полицейлер 86 отбасыға қайырымдылық жасады

Шымкент қаласы Полиция департаменті мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоры қаладағы аз қамтылған 86 отбасыға «ораза себетін» үлестірді, деп хабарлайды Shymkentaqparat

«Кіршіксіз Рамазан» деп аталатын шарада карантин талаптары ескеріліп, халықтың шоғырлануына жол бермеу үшін азық-түлік себеттері тұрғындардын үйіне жеткізілді. Тәртіп сақшыларының жасаған қайырлы ісіне көпбалалы ана Айгүл Үйсінбаева алғыс айтып, өз ризашылығын білдірді.

–Мен сегіз баланың анасымын. Қасиетті Рамазан айында азық-түлік үлестіріп, қайырымдылық көрсеткендеріңіз үшін сіздерге көп рақмет. Қаламызда темірдей тәртіп орнатумен бірге игілікке толы істеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын,- деді көпбалалы ана.

Қаратау аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасарының сөзінше тәртіп сақшыларының жасап жүрген қайырлы істері бұған дейін де ұйымдастырылып келген.

–Шымкенттік полицейлер жұмыстан тыс уақытта сауапты іске жұмылып, көмекке зәру отбасыларға материалдық көмек беріп жүргенін бірі білсе, бірі білмейтін болар. Дана халқымыздың «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген асыл сөзі бар. Біз 86 отбасының балаларына ағалық қамқорлық көрсету мақсатында бүгін осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Әрі бұл жас мамандарды тәрбиелеудің бір бағыты. Мұндай игі істерді біз ұдайы ұйымдастырып келеміз, - деді Серік Төлегенов.

Айта кетейік, аталған қайырымдылық шарасы Шымкент қаласы Полиция департаментінің идеалогиялық бағыттағы жоспары бойынша ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.