Шымкенттік полицейлерге жаңа қызметтік автокөлік табысталды

Шымкенттік полицейлерге жаңа қызметтік автокөлік табысталды

Шымкенттің «Астана» алаңында қалалық полиция департаментінің бастығы Думан Таев бастаған 500-ге жуық тәртіп сақшысы сап түзеп, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қолынан су жаңа автокөліктің кілтін салтанатты түрде қабыл алды.

Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. JPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Ғ.Сыздықбеков шаһарда полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді бастамалар қолға алынғанын атап өтті.

–Қаламыздың тыныштығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп келесіздер. Соның нәтижесінде Шымкентте қылмыс деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда 35 пайызға төмендеді. Полиция департаментіне биыл материалды-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджет есебінен 4,5 млрд теңген қаржы бөлінген болатын. Алдағы уақытта да әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсету жалғасады, — деп қала әкімі тәртіп сақшыларын алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Мұнан кейін шаһар басшысы миллионнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында жұмыс сапасын жақсарту үшін пайдалануға су жаңа 46 автокөліктің кілтін табыстады.

Осы тұста полиция генерал-майоры Думан Әшкенұлы қала әкіміне өз ризашылығын білдіріп, қатардағы әр сақшы Отанға адал қызмет ететінін жеткізді.

Шымкент қаласының Полиция департаментіне қарасты 926 автокөлік бар екен. Қаланың бас полицейі жаңа көлікпен қамтуды алғаш болып көмекке жететін кезекші бөлімдер мен учаскелік бөлімшелерден бастағанын жеткізді.