Бүлдіршіндерге арналған жоба авторы – ТЖД Қаратау аудандық бөлімінің басшысы Е.Тасқараев. Ол «Бебеу» деп аталатын туындыны Азаматтық қорғаныс саласының 25 жылдығына арнап отыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қазіргі таңда балалардың балалығымен өрттің шығуы жиі орын алып отыр. Мультфильм осындай жағдайдың орын алмауы үшін бүлдіршіндерге өрт қауіпсіздігі мен алаулап жанған кезде өзін қалай ұстау ережелерін үйретеді.
Анимациялық туындыда өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі көрініс тапқан. Мысалы, мультфильмнің бас кейіпкері Бебеу де әкесі секілді өрт сөндіруші болғысы келіп, бір күні әкесінің жұмысына барады. Бірақ әкесі оның әлі жас екенін айтып, үйіне қайтарады. Қайтар жолда Бебеу түрлі оқиғаларға тап болған адамдарға көмектеседі.
Жоба авторы Е.Тасқараев Төтенше жағдайлар қызметінде 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызметпен бірге шығармашылықты қатар алып жүрген Еркебұланныңбүлдіршіндерге арнап жазған әңгімесі әуелі комикс кітапша ретінде жарық көрді. Кейін тақырып ауқымы кеңейіп, өзекті жобаға айналып отыр. Ол өткен жылы анимациялық студиядағы мамандармен бірге туындының трейлерін шығарды. Трейллер ретінде танылған «Бебеудің» толық метражды мультфильм болатын күні де алыс емес.
Сонымен қатар, автор алдағы туындыларынқызмет барысында ерлікпен қаза болған әріптестерінің өмірін көрсету үшін жобаны келешекте сериалға айналдыруды жоспарлап отыр.