Шымкенттік такси жүргізушілері сайлаушыларға тегін қызмет көрсетуде

Шымкенттік такси жүргізушілері сайлаушыларға тегін қызмет көрсетуде

Сайлау күні Шымкенттегі бірқатар такси жүргізушілері жолаушыларды сайлау учаскесіне тегін тасымалдауда, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Соның бірі - шаһардағы «Яндекс Темірлан такси» желісінің тәжірибелі жүргізушісі Сейтқұл Байходжаев. Ол қаладағы қарт кісілер мен көпбалалы аналар т.б. сайлаушыларды тұрғылықты мекен-жайы мен сайлау учаскесі аралығында тегін жеткізуде.

- Қыс мезгілі болған соң, сайлаушылардың арасында қарт кісілер мен балаларын жетектеген аналар бар, соларға көмектесіп жатырмыз. Бұл сауапты іске жалғыз мен ғана емес, қасымдағы әріптестерім де бірлесе атсалысуда. Дауыс берушілердің таңдауы әртүрлі болғанымен, бәріміздің көксегеніміз бір – елдің тыныштығы мен баянды болашағы, – дейді С.Байходжаев.

Сайлаушыларға ақысыз қызмет көрсетіп жүрген тағы бір такси жүргізушісі – Мұхтар Қарасаев. Бір ұл, бір қыздың әкесі екі жылдан бері Шымкентте осы кәсіппен нәпақасын тауып жүр.

Оның айтуынша, бүгінгі өтіп жатқан сайлау ел азаматтары үшін маңызды, сондықтан қала тұрғындарының барынша сайлауда дауыс бергендерін қалайды. Сол себепті де ол №183 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Сонымен бірге бүгінгі саяси додада өзі белсенділік танытып, дауыс беруге келген тұрғындарға мүмкіндігінше көмектескісі келген. Яғни, сайлаушыларды діттеген жеріне тегін жеткізіп жүр.

Жол бойында тұрған адамдарды алып кетіп жатқан жомарт жүректі такси жүргізушілерін көргенде іш жылиды. Қала халқы оларға батасын беріп, шынайы алғыстарын білдіруде.