Шымкенттік трансплантолог Абылай Донбай Мәскеуде өткен Халықаралық ІХ ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, баяндама жасады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Халықаралық жиынға Ресей, Түркия, Италия, Қазақстанның танымал, жетекші трансплантолог мамандары қатысты. Басқосуда медицина мамандары органдарды трансплантациялауды дамыту мәселелерін, сондай-ақ транспланттау жүйесін ұйымдастырудың озық тәжірибелерін талқылады.
Конференцияға Қазақстаннан алғаш рет қатысып отырған тәжірибелі трансплантолог-хирург, Шымкенттегі №1 Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Донбай Абылай «Туыстық бауыр трансплантациясы техникасы» жөнінде баяндама жасады.
– Бауыр трансплантациясы техникалық тұрғыдан әлдеқайда қиын. Бауырда тамыр көп. Донордан бауырдың жеткілікті мөлшерін кесіп алу да екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені донордың ағзасы қалыпты тіршілігін жалғастыруы үшін қажет мөлшерде бауыр қалуы керек. Реципиентке салған бауырдың толық жұмыс істеп кетуі де қосымша көп ықпал жасауды қажет етеді, - дейді білікті трансплантолог.
Айта кетсек, Абылай Донбай өзінің біліктілігінің арқасында 600-ден аса науқасқа ота жасап, екінші өмір сыйлаған. Осы жылы бауыр трансплантациясын 5 сағат 48 минутта жасап, Қазақстанда рекордттық көрсеткіш жасаған болатын.