Шымкенттік жас шебер мемлекеттік грант арқылы кәсібін кеңейткен

Шымкенттік жас шебер мемлекеттік грант арқылы кәсібін кеңейткен

Шымкентте 32 жастағы кәсіпкер Бекжан Ерназаров мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін дамытып, шаруасын дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Жас шебер өткен жылы «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат тапсырған. Бизнес жобасын сәтті қорғаған ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант иегері болды.

Мемлекеттен алған қаржыға сандық шеберханасын дамытып, заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтар мен қыз-жасау және де өзге заттарды жасауды қолға алған.

–Өзіме ұнайтын іспен айналысып, тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығуға тырысамын. Әр қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сандықтардың болуы керек, - дейді жас кәсіпкер.

Бекжан бұл шеберлікті өзі үйренген. Алдағы уақытта өз ісін әрмен дамытып, сапалы жиһаздарды жасауды да жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шымкентте өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам азаматтың әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткіштегі қаржылай қолдауға ие болған.

Мемлекеттік қайтарымсыз қаражатты алған қала тұрғындары өз істерін бастап отыр. Олардың дені тігін, қолөнер шеберханасы, кондитерлік өнімдер әзірлеу мен мал шаруашылығына таңдау білдірген.