Бүгін Шымкентте Наурыз мерекесі күні «Таза табиғат» экологиялық жалпыұлттық жобасы аясында ағаш отырғызу акциясы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қаладағы «Нұрсәт» тұрғын алабындағы «Астана» аллеясында өткен ағаш отырғызу шарасына қала тұрғындарымен бірге қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Барша тұрғындарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаған қала басшысы әр жылы Наурыз мерекесін көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыру қажет екенін айтты.
Акция барысында аталған аллеяға өзіміздің дендросаябақта өсіп жетілген 250 арша көшеттері отырғызылды. Осылайша, Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау басталды.
Игі іс-шараға тұрғындар, ардагерлер, жастар жалпы саны 50-ге жуық адам қатысты.
Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласында 6 млн.-ға жуық жасыл желек бар. Өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілген. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш отырғызылатын болады. Осылайша, қаладағы ағаш қоры екі есеге артады.