Шымкенттіктер саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті

Шымкенттіктер саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті

Бүгін, 31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Осыған орай "Қасірет" мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар еліміздің жарқын болашағы жолында тағдыр тауқыметін тартқан ұлт мақтаныштары мен арда азамттардың рухына құрмет көрсетті. Іс-шара алдымен ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған нәубет құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін 2020 жылы арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. Оңтүстiк Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2500-ден аса адам «Халық жауы» ретінде атылды. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы қуғын-сүргінге ұшыраған 563 азаматтың құжаттары толық ақтау бойынша қаралуда.

Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі ордарын беру - азаматтық парызымыз! Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді.