Наурызда жаңа өмірдің бастамасы ретінде Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері көшет отырғызып, құстарға арналған ұяшықтар орнатты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Табиғат күніне арналған іс-шараға тек әскери қызметшілер ғана емес, олардың отбасы мүшелері мен №129 жалпы орта «Жас сарбаздары» да ат салысты.
Әскери күштердің айтуынша, мұндай бастамалар табиғаттың шырайын арттырып, экологияға оң әсерін тигізіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізеді және әлемдегі өзекті мәселеге айналған індеттің алдын алып, денсаулықты жақсартады.
–Біз бүгін отбасыларымызбен табиғат күнін ерекше сезіммен атап өтудеміз. Табиғат-адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Еліміздің айбынды әскері өрлеп, шарықтағаны қаншалықты маңызды болса, табиғаттың тазалығы да соншалықты маңызды. Өйткені, адамзат болашақта бейбіт, таза ортада өмір сүруі тиіс, -деді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Жамал Оразбек.
Наурыз мерекесі халқымыз үшін қашанда орны бөлек мейрам. Дәстүрлі күн алдағы уақыттарда ұмыт болмай, елімізбен бірге кеңінен тойлана бермек.