Шымкент гарнизонындағы 35748 әскери бөлімінің танкистері жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында Т-72 танк қаруынан мергендік шеберліктерін жетілдіріп, штаттық снарядтан атыс өткізді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Жаттығу барысында танк экипаждары 1400-1700 метр ара қашықтықта орналасқан танк нысаналарын жойып, оқшашардан оқ жаудырып, 700 метр қашықтықта жылжымалы автомобиль, серпілмейтін зеңбірек пен 400-ден 600 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан қарсыластың танкіне қарсы қол гранататқыш нысаналарын жойды.
Танк әскерлерінің айтуынша, қысқа уақытқа пайда болатын нысаналар танкистердің атыс кезінде жедел реакциясы мен дәлдігін талап етеді. Сондай-ақ, штаттық қару-жарақтан ату және отты басқаруды ұйымдастыруда экипаж құрамының іс-әрекеттері бір-бірімен тығыз байланысты.
«Штаттық снарядтан оқ атуларды өткізудің басты мақсаты әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру, штаттық қару-жарақтан олардың оқ ату шеберліктерін жетілдіру және экипаж құрамының атыс кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтау болып табылады. Жеке құрам өздеріне жүктелген міндеттемелерін жоғары деңгейде орындап, жақсы нәтижелер көрсетті», - деді батальон командирі, майор Руслан Қожағалиев.
Оқ атулардың қорытындысы бойынша 1-ші танкті ротасының командирі капитан Нұрсултан Усеновтың жеке құрамы, яғни, танк командирлері аға лейтенант Қазыбек Әбенов пен сержант Ержан Мекебаевтың экипаждары үздік нәтижелер көрсетті. Олар барлық тиісті нормативтерді сапалы әрі жылдам орындап, барлық нысаналарға дөп тигізді.
Айта кетейік, күрделі техниканы үздік игерген 35748 әскери бөлімінің танкішілері жыл сайын өтетін Халықаралық Армия ойындарында Қарулы Күштердің үздік қатарына кіріп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтың абыройын асқақтатып келеді.