ТАШКЕНТТЕГІ БИЗНЕС ФОРУМДА ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫН ҮШ ЖОБА БОЙЫНША КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ТАШКЕНТТЕГІ БИЗНЕС ФОРУМДА ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫН ҮШ ЖОБА БОЙЫНША КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында «Өзбекстан-Қазақстан» бизнес форумы өтті. Мемлекеттік органдар мен екі елдің кәсіпкерлері қатысқан форумда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, шаһардың инвестициялық әлеуеті жайлы баяндады.

Қала әкімі өз сөзінде бұл форум Қазақстан мен Өзбекстанның көпқырлы ынтымақтастығын стратегиялық тұрғыда дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– «Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерудің жолдарын көрсетіп берді. Екі ел Үкіметтерінің алдына өзара сауда айналымын 10 миллиард АҚШ долларына дейін көтеру жөніндегі міндет қойылып отыр. Өзбекстан Шымкенттің Ресейден кейінгі екінші сауда серіктесі. Шымкент қаласының сыртқы саудасының 15 пайызы Өзбекстанға тиесілі. Қаламыздың Өзбекстан Республикасымен өзара сауда көлемі жыл басынан бері 302 миллион АҚШ долларына жетті. Соңғы 5 жылдың ішінде өзара сауда айналымы 2 еседен астам өсті», - деді Мұрат Дүйсенбекұлы форумда сөйлеген сөзінде.

Форум аясында үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, бұл келісімдерге сәйкес Шымкентте керамика, тоқыма өнімдерін және инфузиялық ертінділерді өндіретін кәсіпорындар ашу көзделген.