​«Таза Қазақстан» акциясы аясында баламалы энергия көздері сөз болды

​«Таза Қазақстан» акциясы аясында баламалы энергия көздері сөз болды

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Энергия тұтынуды азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, өндіріс орындарының өкілдері, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелде қазіргі әлем үшін аса өзекті мәселе – энергияны тиімді пайдалану мен экологиялық таза көздерге көшу жайы сөз болды. Жиынды ашқан университет ректорының міндетін уақытша атқарушы Ернар Иманғалиев оқу ордасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

- Энергияны үнемдеу – болашақ алдындағы үлкен жауапкершілігіміз. Күн мен желден қуат алу, атом электр станциясын салу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – бүгінде ел дамуының негізгі бағыттарының бірі. Біздің университет те бұл салада өз үлесін қосып келеді. Ғалымдарымыз баламалы энергия көздерін оңтайландыруға арналған ғылыми жобаларды қолға алып, жас мамандарды осы бағытта тәрбиелеуде. Бүгінгі дөңгелек үстел – студенттерге тәжірибелі мамандардан тағылым алып, тың идеяларын ұсынуға үлкен мүмкіндік», – деді ол.

Отырыста өндіріс саласының өкілдері де сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті. «Азия Трафо» компаниясының өкілі Нұрсұлтан Шыңғысов өндірістегі энергия тиімділігінің маңызы туралы айтты. Ал, PhD докторы, доцент Гүлзухра Тұрымбетова өз сөзінде экологиядағы өзекті мәселелерге тоқталып, Қазақстанда күн мен желден баламалы энергия алу үшін мол мүмкіндік бар екенін айтты. Оның айтуынша, елімізде осындай станциялар салу арқылы экологияны жақсартып, энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай басқосулар жас ұрпақтың экологиялық ой-санасын қалыптастырып, елімізде жасыл энергетиканы дамытуға серпін береді. Дөңгелек үстел соңында қатысушылар бірлескен ұсыныстарын ортаға салып, Қазақстанның тұрақты даму жолына үлес қосу үшін ғылыми және практикалық идеяларды біріктіру қажет деген ортақ ойға келді. Бұл басқосу – «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – жасыл энергетиканы дамытуға нақты үлес қосқан маңызды қадам болды.

«Шымкент келбеті»